Центрдің жаңалықтары
Мәртебесі арта түскен мамандық
Елімізде денсаулық сақтау саласы мамандарының тапшылығы – өте күрделі мәселе. Өткен сандарымызда Қазақстанда 5 мыңға жуық дәрігер жетіспейтінін жазғанбыз. Бұл олқылықтың медициналық қызметтер сапасына тікелей әсері бар. Мәселені осы аптада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Президент те көтеріп, теріс ахуалды түзету үшін мемлекет нақты шараларды қолға алып жатқанын айтты.
«Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәртебесін арттырып жатырмыз. Бұған дейін біз педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам өз жемісін берді. Сондықтан енді медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Астана медициналық университетінің резидентурасында оқитын Нуриддин Розматов қазір 76 мың теңге стипендия алатынын айтты. Ал интернатурада оқитындар 49 мың теңгеден алса, бакалавр студенттеріне ай сайын 26 мың теңге шәкіртақы түседі. Бүгінде коронавируспен күресте ең алдыңғы шепте жүрген жас дәрігер Нуриддиннің айтуынша, бұл қаржы қазіргі қымбатшылық кезде ештеңеге жетпейді. «Әсіресе, елордада бәрі қымбат. Студенттер жатақханаға үш айға 100 мың теңге төлейді. Пәтер жалдасаң да сол. Одан бөлек, азық-түлік бағасы мүлдем шарықтап барады. Сондықтан Президенттің сапалы білім алу үшін жастардың жағдайын жасап, шәкіртақы көлемін арттыру керек деген сөзі бізді қуантып отыр» дейді ол.
Қызметтің бәрін бір мекемеден аламыз
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында медицинаға қатысты көтерілген екінші мәселе – мүгедектікті анықтау рәсімдерін жеңілдету. Бұл – Президенттің тапсырмасы. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру керек. Осылайша азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс. Бұл жоба биылғы 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға кіріп-шығуын және көліктерге мініп-түсуін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті.
– Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың қажетті нысандарға қиындықсыз жетуін қамтамасыз ету үшін «табалдырықтан табалдырыққа» қағидаты бойынша жұмыс істейтін нақты нормативтік-құқықтық актілерді тез арада қабылдау қажет. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар қажетті нысандардың тізімін немесе картасын әзірлеуі тиіс. Аталған тізімде барынша қажетті ұйымдар, олардың қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтары, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да мекемелер болғаны жөн. Соның негізінде әкімдер аталған нысандарды талаптарға толық сәйкестендіруі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Туберкулезден өлім-жітім азайды
«Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар» демекші, жаһандық індет келіп, жан алқымнан алғанда, туберкулезбен «жылап көрісетін» күйге жеттік. Ал кезінде оның да емін табу қиын болып, қаншама адам өкпе дертінен өмірден өтті. Қазір елімізде туберкулезді емдеу мен бақылауда үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Мәселен, соңғы он жылда елордада туберкулезбен ауыру және одан болатын өлім-жітім 5 есеге азайыпты. Оның үстіне пандемияның пайдасы – туберкулездің азаюына оң әсер еткендігі. Себебі халық арасында бұрынғыдай емес, жұқпалы ауруларға қарсы сақтық шаралары күшейтілді, адамдар да жеке бас гигиенасына қатты көңіл бөлуге дағдыланып қалды. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін де туберкулезге қарсы бағдарламаны іске асыру маңызды болып отыр. Осыған орай «Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» ММ, МСАК ведомстволық бағынысты ұйымдары және «Қалалық фтизиопульмонологиялық орталығы» ШЖҚ МКК, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен биыл 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында «Уақыт өтіп бара жатыр!» ұранымен туберкулез ауруының алдын алуға арналған айлық өткізіліп жатыр. Бұл ұран тек медициналық ұйымдарға ғана емес, қаланың барлық тұрғындары мен елорда қонақтарын туберкулез дерті бойынша тексеруден өтуге, аурудың алдын алу және анықтау мәселелері жөнінен білім деңгейін арттыруға, әрбір адамның өз денсаулығына қатысты белсенді жеке өмірлік ұстанымын қалыптастыруға шақырады.
Дегенмен карантин кезінде профилактикалық іс-шаралардың шектелуіне, халықтың МСАК ұйымдарына жүгінуінің азаюына байланысты «Жоғары қауіпті» топтарда туберкулезді анықтаудың 3 есе төмендегені де байқалады. Сондай-ақ 2020 жылы туберкулез бойынша тексеруге жіберілген пациенттер саны 20%-ға азайған. Бұл, әрине, осындай ауыр жұқпалы аурудың уақытылы және ерте диагнозына тікелей әсер етті.
Айлық кезінде қаланың медициналық ұйымдарының әлеуметтік желілері мен YouTube арнасында көптеген ақпараттық материалдар ұсынылады. Туберкулез саласындағы мамандармен тікелей эфирлер қолжетімді болады, оларға осы аурудың алдын алу, диагностикалау және емдеу туралы кез келген сұрақты қоюға болады. «Жоғары қауіп» тобына жататын тұлғаларды туберкулезге профилактикалық қарап-тексеруден өткізуге және ақпараттандыруға ерекше назар аударылатын болады.
Фармацевтиканы дамытатын жол картасы
Елімізде фармацевтика және химия өнеркәсібі бойынша 2021-2025 жылдарға арналған даму жол карталары бекітіледі. Сонымен қатар фармацевтикалық кәсіпорындардың клиникалық және клиникаға дейінгі сынақтар жүргізуге, сондай-ақ GMP стандарттарын енгізуге арналған шығыстарын субсидиялау мәселесі пысықталады. Бұл ЕАЭО нарығында дәрілік заттарды тіркеу бойынша отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады. Сенатта өткен «ҚР өнеркәсіптік саясатты заңнамалық реттеу: жай-күйі, проблемалары және шешу жолдары» тақырыбындағы Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осылай деді. Сондай-ақ ол елде дәрілік заттардың құнын төмендету үшін бірқатар импортталатын субстанциялар мен шикізатқа кедендік баждарды төмендету мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді.